Түркияға бағыт алған Uzbekistan Airways ұшағында 27 жастағы келіншек сәбилі болды. «Дүниежүзілік ұшқыштар күнінде» аспанда өмір есігін ашқан сәбидің болашақта өмірін аспан және авиациямен байланыстыратынына сенім білдірілген.
Компания дерегінше, тосын жағдай 26-шы сәуір күні Ташкент-Ыстамбұл бағытымен ұшқан HY-273 ұшағында болған.
Хабарда айтылуынша, ұшақ Ыстамбұлға жақындаған кезде келіншектің толғағы басталып, 1996 жылы дүниеге келген Ситора А. бұл туралы стюардессаларға жүгінген.
«Жүктіліктің 28-ші аптасында болған келіншек ұл сәбиді өмірге келтірді. Ұшақ Ыстамбұл халықаралық әуежайына қонған кезде медицина қызметкерлері ана мен сәбиді емханаға жеткізді. Олардың жағдайы тұрақты», делінген хабарламада.
Uzbekistan Airways әуе компаниясы баланың дүниеге келуіне көмектескен жолаушыларға алғысын білдіріп, оларға естелік сыйлық табыс етпек. Сондай-ақ «Дүниежүзілік ұшқыштар күнінде» өмір есігін ашқан сәбидің болашақта өмірін аспан және авиациямен байланыстыратынына сенім білдірілген.