«Узатом» агенттігі мен «Курчатов институты» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Агенттік мәліметінше, аталған құжат «Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхожаев бастаған Өзбекстан делегациясының Мәскеу қаласына жасаған сапары аясында рәсімделді. Сапар барысында делегация мүшелері «Курчатов институты» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының басшылығымен келіссөздер өткізіп, бірқатар жұмыс кездесулеріне қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар Өзбекстанның ядролық саладағы ұлттық әлеуетін дамыту, сондай-ақ озық ядролық технологияларды бірлесіп енгізуге бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Әсіресе экономика, медицина және тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында бейбіт атомды тиімді әрі қауіпсіз пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Ынтымақтастық аясында шағын модульді және көшпелі атом электр станцияларын пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу, ядролық медицина мен радиоизотоптар өндірісін дамыту, синхротрондық сәулелену мен нейтрон көздерін ғылыми зерттеулерде қолдану, плазма физикасы, термоядролық синтез және жоғары энергиялар физикасы салаларында зерттеулер жүргізу секілді басты бағыттар айқындалды.

Сонымен қатар іссапар барысында «Узатом» делегациясы «Курчатов институтының» ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, Ядролық медицина ғылыми-білім беру орталығы, Т-15МД токамак қондырғысы, аса өткізгіш материалдардың тәжірибелік-өндірістік алаңдары және Курчатов синхротрондық сәулелену көзі қаралды. Бұл инфрақұрылымдар бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін берік негіз болатыны атап өтілді.
Сапар соңында тараптар арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, оның екі мемлекет арасындағы ядролық саладағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеретіні айтылды.
Агенттік баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған келісім Өзбекстанның инновациялық даму, экологиялық таза энергетика және болашақ технологияларды енгізу жолындағы күш-жігерін одан әрі нығайтуға қызмет етпек.