Өзбекстанда атом энергетикасын дамыту аясында озық тәжірибені игеру, заманауи ядролық технологияларды зерделеу, білікті кадрлар даярлау және қауіпсіз энергетикалық шешімдерді енгізу бойынша бірқатар маңызды шаралар қабылдануда.
Осы мақсатта «Узатом» агенттігі мен АЭС құрылысы дирекциясы қызметкерлерінен құралған делегация жұмыс сапарымен Ресей Федерациясындағы Нововоронеж атом электр станциясының қызметімен танысты.
Халықаралық атом энергиясы агенттігімен бірлескен бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылған бұл сапарда мамандар Ресейдің ядролық энергетика саласында қолданылып жүрген озық тәжірибемен, соның ішінде шағын модульді реакторлар технологиясымен, олардың жобалық ерекшеліктері мен техникалық жүйелерімен егжей-тегжейлі танысты.
Сонымен қатар өнеркәсіпте ядролық технологияларды пайдалану, ядролық отын айналымының кезеңдері, радиоактивті қалдықтарды басқару стандарттары жөнінде кең көлемді ақпарат берілді. Нововоронеж АЭС және «Росатом» мемлекеттік корпорациясының Техникалық академиясы базасында өткен оқу бағдарламасы аясында теориялық дәрістер, арнайы тренажёрларда практикалық жаттығулар және зертханалық сабақтар ұйымдастырылды.
«Узатом» агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Нововоронеж атом электр станциясы – Ресейде ВВЭР типіндегі реакторлар алғаш рет енгізілген стратегиялық нысан. Воронеж облысын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған бұл станция Дон өзенінің жағасында, Воронеж қаласына жақын орналасқан.
Сапар барысында делегация мүшелері атом станцияларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көпсатылы тәсілдері мен пассивті қорғаныс жүйелерінің артықшылықтары, сондай-ақ әлемдік деңгейде шағын модульді реакторлар дамуының қазіргі үрдістері жөнінде жан-жақты мәлімет алды.