UzAirways компаниясына тиесілі Airbus A320 ұшағы 11 000 метр биіктікте ұшып бара жатқанда бұршақ жауынына тап болды. Салдарынан ұшақтың алдыңғы терезелері зақымданған.
UzAirways баспасөз қызметі хабарлауынша, 3 тамызда компанияның A320 UK32015 ұшағы Ресей-Қазақстан шекарасы бойымен 11 мың метр биіктікте ұшып бара жатып, осы биіктікте аномальды метеорологиялық құбылысқа (бұршақ) тап болды. Ұшақ «Красноярск - Ташкент» бағыты бойынша HY9684 рейсін орындаған.
«Салдарынан ұшақтың алдыңғы терезелері зақымданған. Экипаж белгіленген процедураларды орындағаннан кейін ұшуды жалғастыруға шешім қабылдаған. Ташкентке қону кестеге сәйкес жүзеге асырылды. Ұшудан кейінгі тексеру сонымен қатар метеолокатор мұрын конусының зақымдалғанын анықтады», делінген хабарламада.
Ұшақ бортында 174 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған.
Хабарламада айтылуынша, қазіргі уақытта ұшақтың зақымданған бөлігі жөнделіп жатыр. Алдағы күндері ұшақ тұрақты рейстерді орындай бастайды.