Жеңіл атлетикадан сегіз дүркін Олимпиада чемпионы әрі футболшы ретінде алаңға шыққан спортшы Усэйн Болт өзімен «Ювентус» шабуылшысы Криштиану Роналдудың жылдамдығын салыстырды.
Ямайкалық желаяқтың ойынша «Алтын доп» сыйлығын бес мәрте иеленген португалдық жұлдыз қазіргі кезде одан жылдамырақ.
«Егер біз қазір жарысатын болсақ, менің ойымша, Роналду жеңеді. Мен мұны сенімді түрде айта аламын. Себебі ол әлі тынымсыз әрекетте. Мен оны супер қаһарман деп санаймын, ол әрқашан өз спортында бірінші дәрежелі болалды. Ол күн сайын көп еңбек етеді, үнемі назарда. Ол қазір менен гөрі жылдам деп ойлаймын», - деген Болт.
Усэйн Болт жеңіл атлетикадағы мансабын 2017 жылда аяқтап, кәсіби футболға ауысты. Оның бұл әрекеті сол кезде көпшілікті таң қалдырғаны рас. Алайда желаяқтың жасыл алаңдағы қызықтары көпке барған жоқ. Ол 2019 жылы қаңтарда мансабын аяқтауы туралы шешім қабылдап, спорттан біржола кетті.
34 жасты желаяқ - жүгіруден 8 дүркін Олимпиада және 11 дүркін әлем чемпионы. Ол сонымен қатар 100 метр қашықтыққа (9,58 секунд) және 200 метр (19,19 секунд) спринттер бойынша қазіргі рекордтың иесі саналады.