Германияның Рейн-Рур аймағында өткен XXXII Дүниежүзілік жазғы Универсиадада Өзбекстан құрамасы лайықты өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 13-орынға табан тіреді. Бұл нәтиже ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
18 спорт түрін қамтыған байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам студент-спортшы қатысып, 234 медаль жиынтығын сарапқа салды. Өзбекстан намысын 18 жоғары оқу орнынан құралған 53 спортшы қорғап, садақ ату, спорттық және көркем гимнастика, жеңіл атлетика, суға секіру, дзюдо, ескек есу, жүзу, үстел теннисі, таэквондо және теннис сынды 11 спорт түрінде бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша, өзбек спортшылары 4 алтын, 4 күміс және 7 қола, барлығы 15 медаль жеңіп алып, ел мерейін асырды. Әсіресе, жүзу, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, таэквондо және дзюдо сынды спорт түрлерінде көрсеткен нәтижелері команданың жоғары жетістігін айқындай түсті.
Жалпы есепте Жапония (34 алтын, 21 күміс, 24 қола) көш бастаса, Қытай (30 алтын, 27 күміс, 17 қола) екінші, ал АҚШ (28 алтын, 27 күміс, 29 қола) үшінші орынға тұрақтады.
Келесі дүбірлі дода 2027 жылы Оңтүстік Кореяның Хосо аймағында өтпек.