Унаи Эмери «Астон Вилла» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды
Испандық футбол жаттықтырушы Унаи Эмери «Астон Вилла» клубының бас бапкері болып тағайындалды.
Ағылшын Премьер-лигасы командасының ресми сайтындағы ақпаратқа сай, 50 жастағы бапкер Ұлыбританияда жұмыс істеуге рұқсат алуға байланысты 1 қарашада қызметіне кіріспек.
Бұған дейін АПЛ клубы Стивен Джеррардты қызметінен босатқан еді.
Эмери қазірде Ла-лиганың «Вильярреал» командасын 2020 жылдан бері басқарып келеді. Футбол маманы бұған дейін лондондық «Арсенал», «Пари Сен-Жермен», «Севилья», «Валенсия», «Альмерия» және мәскеудің «Спартак» клубтарын жаттықтырған.
Ол бапкерлік мансабында төрт рет Еуропа лигасында жеңіске жеткен.
Дереккөзге сәйкес, Эмеридің жалақысы жылына 7 миллион еуроны құрайды. Бұл ретте оның қызметі аяқталып жатқан клуб «Вильярреал» маманның кеткені үшін 6 миллион еуро көлемінде өтемақы алады.