Өзбек халық ертегілерінен
Бірде есек жайқалып тұрған бауға кіреді. Көзі бірден биік ағаш басында пісіп тұрған алма мен жанындағы бақшада жайылып жіңішке сабағында өскен асқабаққа түседі.
Есек алдымен алмаға, одан кейін асқабаққа қарап, бар дүниеге риза болмай, құлақтарын қайшылап былай деген екен:
- Бұл дүниеде бәрі әділетсіз жаратылған!
Ағаш басында отырған торғай оны естіп қойыпты.
- Айтыңызшы құрметтім, мына әлемнің жаратылуынан қандай кемшілік көріп тұрсыз?
- Өзің байқамай тұрсың ба? - деп есек алма мен асқабақты көрсетіп. - Қараңыз мұнда: мына мәуелі зәулім ағашта өскен жеміс баланың жұдырығындай ғана болса, ал жерде теңкиіп жатқан, дәмсіз асқабақтың үлкендігі менің басыммен шамалас.
- Бар керемет осында ғой, - дейді торғай шырылдап.
- Не кереметі бар?! Алманың үлкендігі асқабақтай болып, ал асқабақ алмадай ғана болса, міне әділеттілік сонда болар еді!
Солай деп есек алма ағашына сүйкеніп, қасынады. Бір алма үзіліп, тура есектің басына түседі.
- Ойбай, басым! - деп есек жаны шығардай айғайлапты.
- Алманың үлкендігі асқабақтай болмағаны тәуір болды. Әйтпесе басыңыздан түк қалмас еді, - деп торғай күледі.
- Иә-ә! - деп, есек алма ағашынан алысырақ қашқан екен.
Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ