Англия құрамасының тарихындағы үздік сұрмерген Уэйн Руни жасыл алаңдағы футболшылық мансабын аяқтап, бапкер болып оралды.
35 жастағы аладоп шебері футболшылық мансабын ресми түрде аяқтаған соң, ағылшын футбол лигасы жүйесіндегі екінші дивизион Чемпионшиптегі «Дерби Каунти» клубы оны бас бапкер деп жариялады.
«Мен өмір бойы футбол ойнадым және оның бір бөлігі болып қалу үлкен сәттілік. Бұл мен үшін жаңа тарау. Әрине алаңдағы ойынды сағынамын. Бірақ тоқтайтын кез келді. Менің уақытым аяқталып, кезек жас ұрпақта және мен оларды басқаратын кез», - деген Руни.
Ол футболшы кезеңінде «Эвертон», «Манчестер Юнайтед», «Ди Си Юнайтед» және «Дерби» клубтарында ойнаған.
Уэйн Руни Англия құрамасында 120 кездесу өткізіп, 53 гол соққан. Ол ұлттық құраманың тарихындағы ең үздік бомбардир. «Манчестер Юнайтед» клубында АПЛ-дің бес дүркін чемпионы және Чемпиондар лигасының жеңімпазы.
Руни жасыл алаңдағы ендігі кезеңін «Дерби Каунти» клубында бапкерлікпен жалғастыратын болып, клубпен 2023 жылға дейін келісім жасаған. Ал, команда қазіргі уақытта 19 ұпаймен Чемпионшипте 22 орында келеді.