УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа маусым добын таныстырды
Еуропа футбол қауымдастықтары одағы ерлер мен әйелдер Чемпиондар лигасының лига кезеңінде қолданылатын доптарды көрсетті.
Екі доп та Adidas компаниясы тарапынан жасалған: ерлердің ЧЛ добы – көк және алтын түстермен безендірілген, ал әйелдер ЧЛ добы – жасыл және күлгін түстермен өрнектелген.
«Түнгі аспаннан шабыт алған ерлер Чемпиондар лигасының добы 27 тамызда плей-офф кезеңінде алғаш рет қолданылады. Әйелдер Чемпиондар лигасының добы алыс ғарыш пен солтүстік шұғыласынан шабыттанып жасалған. Екі доп та мамыр айында финалға қонақ болатын Будапешт пен Осло қалаларына жол алатын Чемпиондар лигасы жұлдыздарына құрмет ретінде дайындалған.
Доптардың дизайны аспанға тән ерекше мотивтерден шабыт алып, ақ фонда Чемпиондар лигасының әйгілі жұлдыздары бейнеленген», – делінген УЕФА хабарламасында.

