УЕФА: АПЛ клубы ірі көлемде айыппұл төлейді
Ағылшын премьер лигасында өнер көрсететін «Тоттенхэм» клубы УЕФА талаптарына қайшы әрекеті үшін ірі көлемде айыппұл төлейтін болды.
УЕФА Тәртіптік комитеті Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің 8-турында «Айнтрахт» командасына қарсы өткен матч кезінде жанкүйерлердің дискриминациялық әрекеттері үшін «Тоттенхэмге» 30 мың еуро айыппұл салды.
Кездесу «Тоттенхэм» клубының 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталған.
BBC мәліметінше, ойын барысында «Тоттенхэмнің» үш жанкүйері нацистік ишара жасаған. Айыппұлдан бөлек, клубқа шартты түрде УЕФА аясындағы келесі сырт алаңдағы матчқа жанкүйерлерге билет сатуға тыйым салынды. Бұл тыйым шешім қабылданған күннен бастап бір жылдық сынақ мерзімімен белгіленді.
Сонымен қатар «Тоттенхэм» алаңға зат лақтырғаны үшін қосымша 2250 еуро көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.