Uber компаниясы Нидерландыда жүргізушілердің жеке деректерін тиісті қорғау шараларынсыз АҚШ-қа жіберу арқылы деректерді қорғау туралы Еуропалық Одақ заңдарын бұзғаны үшін 324 миллион доллар айыппұлға тартылды.
Нидерландының деректерді қорғау басқармасының мәліметінше, тергеу барысында Uber еуропалық такси жүргізушілерінің жеке деректерін, соның ішінде такси лицензиясы, жеке куәлік, тұрғылықты жері, фотосуреті, төлем реквизиттері және «кейбір жағдайларда соттылығы мен медициналық құжаттарындағы жазбаларды» АҚШ-қа жібергені анықталған.
Bloomberg мәліметінше, Uber бұл деректерді екі жыл бойы АҚШ-қа қауіпсіздік шараларынсыз жіберіп келген. Осылайша, компания ЕО-ның деректерді қорғау туралы жалпы ережесін (GDPR) бұзған.
Айта кету керек, Uber бұл заң бұзушылықты өткен жылдың соңында тоқтатып, қажетті сақтық шараларын қабылдаған. Bloomberg деректеріне сәйкес, 324 миллион долларлық айыппұл Uber-ге осы уақытқа дейін салынған ең ірі айыппұл болып табылады.
«Еуропада GDPR адамдардың негізгі құқықтарын қорғап, компаниялар мен үкіметтерден олардың жеке деректерін мұқият пайдалануды талап етеді. Бірақ, өкінішке орай, Еуропадан тыс жерлерде жағдай басқаша... Компаниялар еуропалықтардың жеке деректерін Еуропалық Одақтан тыс сақтағысы келсе, қосымша шаралар қабылдауы қажет», - делінген хабарламада.