Өзбекстан мен Қазақстан шекараларына жақын Түркістан-Шымкент-Ташкент бойынша жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы басталады. Бұл туризм саласында 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«ҚазАқпарат» агенттгінің хабарлауынша, бұл жөнінде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтқан.
«Үкімет жеке капиталдың қатысуымен басым аумақтарда туристік инфрақұрылым құру бойынша белсенді шараларды қабылдап жатыр. Биыл 1,1 трлн теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы басталады. Келешегі зор туристік дестинация ретінде экотуризмді, ұлттық парктерді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданады. Туристер легін арттыру үшін Түркістан-Шымкент-Ташкент бағдары бойынша жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы басталады», - деген Асқар Мамин.
Оның айтуынша, бұл туризм саласында 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал экономиканың аралас салаларында 100 мың жаңа жұмыс орны ашылады, - деген.
Еске салар болсақ, 2020 жылдың қарашасында ҚР Премьер-Министінің орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақ елі Үкіметінің делегациясы Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрі С. Умурзоқовпен кездесуінде Өзбекстан мен Қазақстанның ірі қалалары арасындағы халықаралық автобус қатынасын іске қосу, Түркістан-Шымкент-Ташкент бағытында жүрдек пойызды теміржолы мен Үшқұдық-Қызылорда көлік дәлізінің құрылысын талқылаған болатын.