Өзбекстан мен Қазақстан шекараларына жақын Түркістан-Шымкент-Ташкент бағытында жүрдек пойызды теміржолы мен Үшқұдық-Қызылорда арасында көлік дәлізі салынады.
Өзбекстанға сапармен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министінің орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақ елі Үкіметінің делегациясы 2 қараша күні Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрі С. Умурзоқовпен кездесуі өтті. Онда тараптар инвестициялық, сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, көлік және логистика саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын, сондай-ақ оны одан әрі нығайту және кеңейту перспективаларын талқылады.

Келіссөздер барысында екіжақты сауданың одан әрі өсуін қамтамасыз ету, оның құрамын әртараптандыру және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа ұзақ мерзімді нысандарын, оның ішінде аймақаралық ынтымақтастықты дамыту шаралары басты назарға алынып, «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру бойынша бірлескен практикалық жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.