Қазақстанның Түркістан облысы мен Ташкент облысының Нурафшан қаласы арасында туристік автобустар қатынауы жолға қойылады.
2022 жылдың қараша айында Ташкентте өткен халықаралық туристік жәрмеңкеде 30-ға жуық шетел мемлекетімен 15 миллион долларлық 500-ге жуық келісім-шарттар жасалған еді.
Соның негізінде тағы бір бастама қолға алынуда. Ташкент облысына туристер ағынын одан әрі арттыру мақсатында көрші Қазақстан Республикасының Түркістан облысы мен Нурафшан қаласы арасында тұрақты туристік автобус қатынасын жолға қою жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Яғни, жылына 10 мың турист алмасуы күтілуде.
Бүгінде облыста 59 туристік фирма, 34 қонақ үй, 907 отбасылық қонақ үй жұмыс істейді. Туристер ағыны 265 мың және ішкі туризм 1,5 миллион адамға жетіп, қызмет экспорты 79 миллион долларды құрады.
Сонымен қатар, туристердің саяхат күндерін ұзарту мақсатында «Алтын сақина» тұжырымдамасы аясында бес күндік тур маршруты әзірленді.
Бұған туристік әлеуеті жоғары Бостандық, Паркент, Заңгіата, Ахангаран, Шыназ аудандары мен Ангрен қаласы қамтылып, кейін облыстың басқа аймақтарына да қолданылатын болады.