Түркиядан Сирияға табиғи газ жеткізіле бастады
Түркия энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Сирияға Түркия арқылы Әзербайжан табиғи газын жеткізу басталғанын хабарлады.
«Бүгін біз энергетика саласында Түркия мен Сирия арасындағы достық қарым-қатынастың маңызды нышаны – Түркия–Сирия газ құбырын ресми түрде іске қосудамыз», – деді ол Түркияның Килис аймағы арқылы Сирияға газ жеткізудің басталуына арналған салтанатты шарада.
Байрактар жобаға қолдау көрсеткен Сирия, Әзербайжан және Қатарға алғыс білдірді.
Министрдің айтуынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сириядағы өмірді тезірек қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған. Осыған байланысты министрлік халықтың негізгі қажеттіліктерінің бірі – электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірлеуде.
Оның мәліметінше, Сирияға тәулігіне 6 млн текше метрге дейін газ жеткізіледі.