«Өзбекстан – ТҮРКСОЙ фотографтары көзімен» деп аталатын бұл жоба аясында түркі елдерінің фотографтары Өзбекстан әр өңірін аралап, ондағы көріністерді суретке түсіреді.
Өзбекстан Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінде «Түрік әлемі фотографтарының кездесуі» тақырыбында баспасөз мәслихатында, Халықаралық түрік мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) тарапынан Өзбекстанның тарихи және көрнекті туристік әлеуетті нысандарын насихаттау мақсатында әлемнің 14 шет елінен келген 21 білікті фотографтың бастамасымен қолға алынған креативті-туристік жоба жайлы ақпарат берілді.

Бүгінгі таңда Өзбекстанда ТҮРКСОЙ ұйымының платформасында түрлі қызықты жобалар мен танымдық шаралар ұйымдастырылуда.
Атаулы жоба барысында түркі елдерінің фотографтары жиырма күн бойы Өзбекстанның түрлі елді-мекенін, тарихи жерлерін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын суретке түсіреді.

Жоба қорытындысына арналған Ташкентте арнайы фотокөрме ұйымдастырылады. Арнайы фотоальбом шығару да көзделген.