Трамп Путинді қатаң айыптады
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға жасаған ең ірі әуе шабуылынан кейін Владимир Путинге қатысты қатаң мәлімдеме жасады.
BBC хабарлауынша, «Путинмен жақсы қарым-қатынаста» деген атаққа ие Трамп бұл жолы былай деді:
— Оған не болды өзі? Өте көп адам қаза тауып жатыр.
Трамптың бұл мәлімдемесі Украина президенті Владимир Зеленскийдің бұған дейін айтқан сынына тұспа-тұс келіп отыр. Зеленский Вашингтонның үнсіздігі Мәскеуге рух беріп жатқанын айтып, санкцияларды күшейтуге шақырған болатын.
Жексенбі күні Украинаға қарсы жасалған шабуылда 367 дрон мен зымыран қолданылып, кемінде 12 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Бұл – 2022 жылы әскери әрекет басталғалы бері бір түнде жасалған ең ауқымды шабуыл ретінде тіркелді.
Дүйсенбі таңында да Украинада бірнеше облыста әуе дабылдары қосылып, жаңа шабуыл қаупі туралы ескерту жасалды.