АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы маңызды әңгіме жүргізді. Әңгіме шамамен 1 сағат 15 минутқа созылған. Бұл туралы Ақ үй басшысының өзі хабарлады.
Тараптар Украина тарапынан Ресей аэродромдарына жасалған шабуылдарды, сондай-ақ екіжақты әрекеттер мен жаһандық қауіпсіздікке қатысты бірқатар маңызды мәселелерді сөз еткен.
– Бұл пайдалы әрі ашық әңгіме болды. Дегенмен, оны жақын арада бейбіт келісімге алып келетін қадам деуге келмейді, – деп мәлімдеген Трамп.
Ресей президенті Владимир Путин әңгіме барысында жуырда болған аэродром шабуылдарына қатаң жауап қайтару қажет екенін атап өткен. Ал АҚШ тарапы бұл жағдайдың ушығуына жол бермей, дипломатиялық тәсілдермен шешу қажеттігін меңзеген.
Телефон арқылы өткен әңгімеде Иранның ядролық бағдарламасы да қозғалған.
– Мен Путинге Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол берілмеуі керек екенін айттым. Біз бұл мәселе бойынша ортақ көзқарастамыз деп ойлаймын. Ол Иранмен келіссөздерге қатысып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге көмектесуге дайын екенін жеткізді, – деген Трамп.