Трамп болат пен алюминийге баж салығын 50 пайызға дейін көтеруге шешім қабылдады
АҚШ президенті Дональд Трамп 4 маусымда сауда соғыстарының жаңа кезеңін бастауға уәде берді.
Бұл туралы ол 30 мамыр күні Питтсбург маңындағы US Steel зауытында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Оның айтуынша, елге әкелінетін болат пен алюминийге салынатын кедендік баж салығы қазіргі 25 пайыздан 50 пайызға дейін арттырылмақ.
«Біздің болат және алюминий өнеркәсібіміз қайта өркендеуде. Бұл – осы салада жұмыс істейтін азаматтарымыз үшін үлкен жеңіс. Американы қайта ұлы елге айналдырамыз!» – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.
Алайда, 28 мамырда АҚШ-тың Халықаралық сауда соты Трамптың осы жылдың сәуір айында енгізген кейбір баж салықтарын заңсыз деп таныды. Сот шешімі бойынша, Трамптың мұндай шешім қабылдауға құқығы болмаған. Соған қарамастан, жаңа шаралар 4 маусымнан бастап күшіне енуі мүмкін.