АҚШ президенті Дональд Трамп 21 қаңтар, сейсенбі күні АҚШ-та жасанды интеллект (ЖИ) инфрақұрылымын дамытуға 500 миллиард доллар (479,6 миллиард еуро) көлемінде инвестиция құюды мақсат еткен Stargate жобасының іске қосылғанын жариялады.
Жобаны ірі жасанды интеллект өндіруші OpenAI, Жапонияның SoftBank концерні және бағдарламалық және техникалық құралдарды өндіруге маманданған америкалық Oracle компаниясы жүзеге асырады. Жоба серіктестері арасында Microsoft, MGX, Arm және NVIDIA да бар.
Stargate жетекшілерімен бірге сөз сөйлеген Дональд Трамп жоба «шын мәнісінде лезде» 100 мың жұмыс орнын ашып, АҚШ-тың «технологиялық болашағын» қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
«Бұл монументалды бастама Американың жаңа президенттік кезеңіндегі әлеуетіне деген сенімнің жарқын декларациясы болып табылады», - деді Трамп. Жоба Техастың Абилин қаласында деректер орталығының құрылысымен басталады.
Бұған дейін Ақ үйдің жаңа басшысы өзінен бұрынғы президент Джо Байденнің жасанды интеллектіні реттеу туралы жарлығын жойған болатын. Жойылған ережелер бойынша, OpenAI және Google сияқты ірі компаниялар қауіпсіздік мәліметтері мен басқа да құпия ақпараттарды федералды органдарға тапсыруы тиіс еді.
Еске сала кетейік, 20 қаңтар күні Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті болып сайланған Дональд Трамп өз сөзінде: «Америка қайтты. Президенттік қызметімдегі әрбір күнде соңғы демім қалғанша сіздер үшін күресемін. Америка балалары мақтан тұтатын деңгейде күшті болғанша шаршамаймын. Америка үшін нағыз алтын ғасыр басталды», — деп мәлімдеген еді.