Жапонияның Toyota Motor Corporation және АҚШ-тың коммерциялық жолаушыларды тасымалдауға арналған электрлі әуетакси өндірушісі Joby Aviation компаниялары бірлесіп, алғашқы ұшатын таксиді таныстырды.
Interesting Engineering басылымының мәліметінше, таныстырылым Жапонияның Сидзуока қаласындағы Toyota техникалық орталығында өткен халықаралық көрмеде өткізілді.
Қазіргі уақытта аппарат адамдарсыз ұшырылды, бірақ барлық мүмкіндіктерін: тік көтерілуді, жылдамдықты және басқарудың ыңғайлылығын көрсете алды.
Такси бір жүргізуші мен төрт жолаушыны сағатына 200 мильге дейін (321 км/сағ) жылдамдықта тасымалдай алады. Ол қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайды, сондай-ақ, шусыз және жоғары жылдамдықта қозғалу мүмкіндігімен тікұшақтардан артықшылыққа ие.
Жаңа қызмет жолдардағы кептелісті азайтуды, қоршаған ортаға әсерді мейлінше төмендетуді, қала және ауылдық аймақтар үшін көлік шешімдерін ұсынуды көздейді. Әуе таксиінің ұшуы Жапония мен әлемнің түрлі көлік мәселелерін шешудің жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп отыр.
Toyota мен Joby арасындағы тығыз ынтымақтастық 2019 жылы басталып, Joby 15 жылдан астам уақыт бойы әуе таксилерін жасап келеді. Соңғы жылдары Жапония бұл жобаға кемінде 500 миллион доллар инвестиция құйып, аппараттың қажетті сертификаттау процестерін жеделдетуге қол жеткізді. Қазіргі уақытта жаппай коммерциялық өндіріске кең ауқымда дайындық жүргізілуде.