Түркістан өңірінде Түркі елдерінің бірлескен арнаулы экономикалық аймағын құру қажет. Мұндай ұсынысты Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады.
«ҚазАқпарат» сайтындағы хабарда, «Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу басты міндеттің бірі», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда ҚР Президенті тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор екендігін баса айып, «Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде Түркі елдерінің бірлескен арнаулы экономикалық аймағын құруды ұсынамын», - деген.
Еске салар болсақ, 31 наурызда видеоконференция түрінде өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне «Түркістан декларациясы» қабылданды.