Тоқаев Әлиевті орденмен марапаттады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевті екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәрсенбі күні Тоқаев Бакуге ресми сапармен келіп, мемлекет басшыларының кездесуі өтті.
«Бұл сапар мен үшін өте маңызды екені сөзсіз. Бүгін өте маңызды мәселелер талқыланады. Келіссөздер соңында бірқатар құжаттарға қол қойылады. Екіжақты ынтымақтастық, Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілетініне сенімдімін», - деген Қазақстан басшысы.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Қазақстан басшысының Бакуге сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Әзірбайжан Президентіне Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын қыран» орденін тапсыру рәсімі өтті.