Токио Олимпиадасының ашылу және жабылу салтанаты коронавирустық пандемияға байланысты қарапайым көрермендерсіз өтеді.
The Asahi жапондық басылымының хабарлауынша, ойындарды ұйымдастырушылар мен Жапония үкіметі Олимпиаданың ашылу салтанатына тек жоғары дәрежелі қонақтар қатыса алады, ал қарапайым көрермендер қатыстырылмайтыны жайлы шешім қабылдады.
Салтанатты шараға қатысатын қонақтар саны 10 мың адамнан аз болуы көзделген.
Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша соңғы пікірталастар жүргізілуде. Шешім ресми түрде 8 шілдеде жарияланады деп күтілуде. 8 шілдеде бұл мәселелер ХОК президенті Томас Бах, Токио мэрі және Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен келіссөздерде талқыланады.
Ұйымдастырушылар кешкі 21: 00ден кейін турнирге жанкүйерлердің келуіне тыйым салуды көздеп отыр. Таңертең және күндізгі уақытта ареналар өз сыйымдылығының 50 пайызынан аспайтын болады.