Астана қаласында Қазақстанның төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
СІМ хабарлауынша, Армения, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және ТМД Атқару комитетінің өкілдері қатысқан шарада Достастық аясындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, осы жылдың 14 қазанында Астанада өтетін Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына ұсынылатын құжаттардың жобалары мақұлданды.
2023 жылы ТМД аясында көп деңгейлі министрлікаралық консультациялар өткізу жоспары және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2021-2030 жылдарға арналған жастар жөніндегі халықаралық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жиында «Достастықтың спорт астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы қабылданып, оған сәйкес, ТМД-ның спорт астанасы мәртебесі жыл сайын Ұлттар Достастығы қалаларының біріне берілетін болды.
Өзбекстан Сыртқы істер министрі Владимир Норов өз сөзінде Өзбекстан тарапы ТМД-ның одан әрі дамуына және оның халықаралық беделінің ұдайы өсуіне мүдделі екенін атап өтті.
Өзбекстан тарапының ТМД аясындағы мемлекетаралық және өңіраралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар бастамалары жарияланды.
ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысын 2023 жылғы 14 сәуірде Ташкентте өткізу туралы шешім қабылданды.