Мәскеу қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің ақпараттық агенттіктері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен оқу-семинар өтуде.
Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған конференцияға Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Әзірбайжаннан журналистер қатысуда. Олар тәжірибе алмасып, кәсіби білім мен дағдыларын байытуда.

Семинардың бірінші күні қатысушылар 120 жылға жуық тарихы бар әлемдегі ең ірі ақпараттық агенттіктердің бірі ТАСС-тың бас бөлімі мен редакцияларының қызметі, сондай-ақ агенттік тарихынан сыр шертетін мұражаймен танысты.

ТАСС бас директорының орынбасары Александр Копнов семинар қатысушыларымен кездесуде агенттіктің көрші елдерде, әсіресе ТМД елдерінің ақпарат агенттіктерімен ынтымақтастығын нығайту бойынша жұмысы мен жоспарлары туралы айтты.

Күннің екінші жартысында «tass.ru» сайтының жетекшісі Тамара Казарина мен сарапшылар сайт жұмысын ұйымдастыру, сайтта орналастырылатын материалдарды безендіру, мәтінмен жұмыс жасау, тақырып таңдау және т.б. жалпы, материалдарды оқырманға жылдам, сапалы және оқылатын етіп жеткізу жөнін сөз етті.

Сонымен қатар, сайт мамандары озық тәжірибелерімен бөлісті. Сұрақ-жауап аясында осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру, қолда бар мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану жөнінде пікірлер айтылды.
Семинар осы аптаның соңына дейін жалғасады.