ТМҰ Сыртқы істер министрлері Бішкекте бас қосты
Қырғызстан астанасындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кездесуге мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Жээнбек Кулубаев, Бахтиёр Саидов, Хакан Фидан, Жейхун Байрамов, Мұрат Нұртілеу, сондай-ақ бақылаушы мемлекет – Венгрияның сыртқы саясат мекемесінің басшысы Петер Сийярто және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев қатысты.
Жиын алдында Бас хатшы журналистерге осы шараның тақырыбы «Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаның қауіпсіздігі» екенін еске салып, саммит қорытындысы бойынша 100-ден астам мәселені қамтитын Бішкек декларациясы қол қойылатынын айтты.
Ж.Кулубаев жасыл экономика бойынша «Жол картасы» қабылданатынын, бұл құжатқа мүдделі барлық мемлекеттер айрықша қызығушылық танытып отырғанын қосты.