Қазақ елінің елордасы Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің денсаулық сақтау министрлерінің бесінші басқосуы өтті.
Жиынға Өзбекстан, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия денсаулық сақтау министрлері қатысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Кеңесте ТМҰ аясында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медицина мен фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, сонымен қатар бұл бағыттағы халықаралық құрылымдардың ұйым аясындағы рөлі кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, 2025–2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды. Жоспарға сәйкес, ынтымақтастық бағыттары айқындалып, денсаулық сақтау саласында заманауи технологияларды енгізу, кадрлық әлеуетті арттыру, медициналық туризм, фармацевтика, трансплантологияны дамыту, сондай-ақ төтенше жағдайларға дайындық деңгейін жоғарылату сияқты міндеттер белгіленді.

ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев ұйым аясындағы өзара іс-қимыл мен 2023 жылы қабылданған іс-қимыл жоспары аясында қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде Өзбекстан делегациясының басшысы Асилбек Худаёров медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейту және бірлескен білім беру бастамаларын жолға қоюдың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл денсаулық сақтау жүйесін халықаралық стандарттарға сай етуге негіз болады. Сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және серіктестермен байланыс орнату арқылы биологиялық қауіпсіздік, микробтарға қарсы төзімділікпен күрес, эпидемиологиялық бақылау сияқты мәселелерді бірлесе шешу мүмкіндігі кеңейетіні айтылды.

Жиында денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелер талқыланып, сарапшылар, ғалымдар, білім беру және ғылыми ұйым өкілдері арасында білім мен тәжірибе алмасу өтті. Басқосу соңында қатысушы елдердің министрлері Ортақ декларацияға қол қойды.
Декларацияда цифрлық денсаулық сақтаудың маңызы ерекше атап көрсетіліп, ТМҰ-ға мүше және байқаушы мемлекеттерде электрондық рецепттерді тиімді пайдалану сынды цифрлық медициналық шешімдерді енгізу бойынша келісімге келінді.
Сондай-ақ құжатта ұйымға мүше және байқаушы елдер үшін ортақ медициналық ғылыми кеңістік құру, бірлескен ғылыми зерттеулер өткізу, осы саладағы білім беру стандарттарын біріздендіру және сабақтастықты қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен енгізу, электронды денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру арқылы науқас туралы мәліметтерді трансшекаралық алмасу тетігін құру ұсынылған.