АҚШ-та шығатын TIME журналы жыл сайын дәстүрлі түрде жасайтын әлемнің ең ықпалды 100 адамы рейтингін 2025 жылы да ұсынды.
«Көшбасшылар» қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп, вице-президент Жей Ди Вэнс, SpaceX компаниясының негізін қалаушысы Илон Маск және АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютник енді.
Сондай-ақ бұл тізімге Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Германияның болашақ канцлері Фридрих Мерц, Аргентина президенті Хавьер Милей және Сирияның уақытша президенті Ахмад аш-Шаръа да кірді.
Жалпы тізім алты санатқа бөлінген. Мәселен, «Өнер иелері» санатына әнші Эд Ширан мен актриса Скарлетт Йоханссон енсе, «Тұлғалар» бөлімінде актёрлар Деми Мур мен Эдриен Броуди, сондай-ақ 10 жыл бойы белгісіз адамдар тарапынан жыныстық зорлық көрген франциялық әйел Жизель Пелико да аталды.
«Титан» санатына белгілі теннисші Серена Уильямс, бірнеше мәрте Олимпиада чемпионы атанған гимнаст Симона Байлз, сондай-ақ Meta компаниясының негізін қалаушысы Марк Цукерберг кірді.
Айта кетейік, TIME журналы 100 тізімді алғаш рет 1999 жылы жариялаған. Ол «Өнер иелері», «Тұлғалар», «Жаңашылдар», «Титан», «Инноваторлар» және «Көшбасшылар» санаттары бойынша жасалады.