ByteDance компаниясының негізін қалаушы, 41 жастағы Чжан Имин Қытайдың ең бай адамдары рейтингісінде көш бастады.
Bloomberg миллиардерлер индексінің мәліметінше, кәсіпкердің байлығы 57,5 миллиард доллар деп бағаланған.
Рейтингте екінші орынды Tencent телекоммуникация алпауытының негізін қалаушы Ма Хуатенг иеленді – оның байлығы 56,6 миллиард доллар. Tencent – Қытайдағы ең танымал мессенжер – 1,3 миллиард қолданушысы бар WeChat сервисінің иесі.
Үздік үштікті Nongfu Spring брендімен танымал, сусын өндіретін компанияның 70 жастағы басшысы Чжун Шаншан түйіндейді. Оның қаржылық жағдайы 54,1 миллиард доллар деп есептелуде.
Ал Азиядағы ең ауқатты адам – Мукеш Амбани. Алайда, бизнес саласындағы қиындықтарға байланысты оның байлығы 90,9 миллиард долларға дейін қысқарған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 120 миллиард доллардан асып кеткен болатын. Қазір Амбани жаһандық рейтингте 17-орында тұр.
Әлемдегі ең бай адам – Илон Маск, оның байлығы 336 миллиард долларды құрайды. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсанында The Guardian Маск 2027 жылға дейін дүниежүзіндегі алғашқы долларлық триллионер атануы мүмкін екенін жазған еді.