Қытайдың ByteDance компаниясына тиесілі TikTok платформасы Еуроодақтың деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін 530 миллион еуро көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.
Бұл туралы Ирландияның Деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы ресми түрде хабарлады.
Комиссияның мәлімдеуінше, TikTok еуропалық қолданушылардың жеке мәліметтерін Қытайға заңсыз жолмен жіберіп отырған, сондай-ақ өз пайдаланушыларын бұл әрекет жөнінде жеткілікті әрі ашық түрде хабардар етпеген.
Нақтырақ айтқанда, 485 миллион еуро мәліметтерді Қытайдағы серверлерге заңсыз беру үшін, ал қалған 45 миллион еуро платформа саясатының жеткілікті ашық болмауы себепті салынған.
Бұдан бөлек, Ирландия билігі ByteDance компаниясына заң бұзушылықтарды жою үшін алты айлық мерзім берді.
Тергеу барысында белгілі болғандай, TikTok еуропалық азаматтардың мәліметтерін Қытай аумағындағы серверлерде сақтап келген. Бұл жағдай Қытай Халық Республикасының билік өкілдеріне сол ақпараттарға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін деген күмән тудырған. Алайда, мұндай әрекет Еуропа Одағының деректерді үшінші елдердің үкіметтеріне беруге тыйым салатын қатаң ережелеріне қайшы келеді.
TikTok өкілдері бұл шешіммен келіспейтінін білдіріп, шағым түсіретінін мәлімдеді. Олар Қытай үкіметінен ешқашан еуропалық азаматтар туралы дерек сұрауы түспегенін және мұндай ақпаратты ешбір тарапқа бермегенін айтып отыр.