Теннис: Өзбекстандық спортшы келісілген ойынға қатысқаны үшін дисквалификацияланды
Халықаралық теннисте адалдық үшін күресетін агенттік (ITIA) Қазақстан, Өзбекстан және Израиль теннисшілерін келісілген ойынға қатысқаны үшін дисквалификациялады.
Атап айтқанда, Өзбекстан өкілі Санжар Файзиев бес келісілген ойынға қатысқаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 3,5 жылға спорттан шеттетіліп, 15 мың доллар айыппұл салынды.
Қазақстандық Тимур Хабибулин келісілген 21 ойынға қатысқаны үшін өмір бойы теннистен шеттетіліп, 60 мың доллар айыппұл төлейтін болды.
Израильдік Игорь Смиланский 4 мың доллар айыппұл төлеп, 2 жылға жарыстан шеттетілді. Ол 3 келісілген ойынға қатысқан.
Дисквалификация мерзімі 2023 жылғы 25 шілдеден – спортшылар уақытша жарыстан шеттетілген күннен бастап есептеледі. Жаза өтеу кезінде оларға теннис ойнауға, жаттықтыруға немесе теннис жарыстарына қатысуға тыйым салынады.
Санжар Файзиев Өзбекстан құрамасының мүшесі болып, ол 2017 жылы ATP рейтингінде 253-ші орынға көтерілген еді.