21 жастағы теннисші азаматтығын өзгертіп, Өзбекстанның бірінші ракеткасына айналды.
Ресейлік теннисші Мария Тимофеева спорттық азаматтығын өзгертіп, енді ресми түрде Өзбекстан құрамасы атынан өнер көрсететін болды.
«Иә, Мария Тимофеева ресми түрде азаматтығын ауыстырды және енді Өзбекстан атынан жарыстарға қатысады. Сондай-ақ оның отбасы – анасы мен әкесі жарты жылдан астам уақыттан бері Ташкентте тұрып жатыр. Марияның өзі федерацияға келіп, шетелге шығу паспорты мен ID-картасын алды», – деді Өзбекстан теннис федерациясы төрағасының орынбасары Ирода Тулаганова.
Қазіргі таңда Мария WTA әлемдік рейтингінде 146-орында тұр, ал оның ең жоғары көрсеткіші – 93-орын.
Осыдан кейін Тимофеева автоматты түрде Өзбекстан әйелдер құрамасының бірінші ракеткасы атанды. Бұған дейін елдің үздік теннисшісі, WTA рейтингінде 1012-орында тұрған 36 жастағы Влада Екшибарова болып келген.