Тель-Авивтен Самарқандқа тікелей әуе рейсі ашылды
Өзбекстан мен Израиль арасындағы әуе қатынасы тарихында алғаш рет Тель-Авив – Самарқанд бағыты бойынша чартерлік рейс ашылды.
Qanot Sharq әуе компаниясы жүзеге асырған бағыт бойынша, 150 жолаушы мінген лайнер Тель-Авив уақыты бойынша сағат 10:10-да (Ташкентте 12:10) көтеріліп, жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де Самарқандқа қонды.
1998 жылы өз жұмысын бастаған әуе компаниясы, осы жылдар ішінде жолаушылар мен жүк тасымалдауларын дамытып, табысты қызмет етіп келеді.
Бүгінде Qanot Sharq әуе компаниясын құрамында тек ішкі ғана емес, халықаралық рейстерді де орындайтын төрт ұшақ бар.
Әуе рейсінің ашылу салтанатына Өзбекстанның Израильдегі елшісі Феруза Махмудова, сондай-ақ Израильдің ресми, қоғам және іскер топтарының өкілдері қатысты.