Тайланд пен Камбоджа атысты тоқтатуға келісті
Тайланд пен Камбоджа 50-ден астам адамның қаза табуына себеп болып, екі елде 500 мыңнан аса бейбіт тұрғынды көшіп-қонуға мәжбүр еткен қиян-кескі қақтығыстардан кейін атысты тоқтату режимін қайта қалпына келтіру туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
BBC мәліметінше, құжат жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 12-де күшіне енді.
Келісім шарттарына сәйкес, тай және камбоджа әскерлері одан әрі алға жылжымастан қазіргі позицияларында қалады. Қақтығыстардан зардап шеккен шекаралас аймақтардың тұрғындарына мүмкіндігінше тезірек үйлеріне оралуға рұқсат етіледі.
Министрлердің мәлімдемесінде «екі тарап та себепсіз атыстан, алға жылжудан немесе әскерлердің екінші тараптың позициясына қарай жылжуына жол бермеу керек» екендігі атап өтілді.
Бұл шаралар шиеленісті азайтудың негізгі қадамы болып саналады, делінген мәлімдемеде.
Таиланд сонымен қатар атысты тоқтату 72 сағат бойы сақталса, ұстап тұрған 18 камбоджа әскерін қайтаруға уәде берді.