Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің салдарынан Таяу Шығыс өңіріндегі әуе кеңістігі, соның ішінде бірқатар халықаралық әуежайлар уақытша жабылды. Ондаған рейстер тоқтатылып, ұшулар айтарлықтай қысқартылды. Соның салдарынан он мыңдаған жолаушы жолдан қалды — көпшілігі қақтығыс аймағынан шыға алмай, үйлеріне қайта алмай отыр.
– Ұшулардың жаппай тоқтауы күтпеген шығындарға әкеледі, – дейді зейнеткер ұшқыш әрі әуе қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Джон Кокс. – Бір сәтте мыңдаған жолаушы, ұшқыштар мен ұшақтардың бағыты мен кестесі өзгеріп кетеді.
Ливан мен Иорданияда әуе кеңістігі ішінара ашық болғанымен, жергілікті әуежайларда тәртіпсіздік күшейген. Жолаушылардың көпшілігі жазғы демалыс маусымында рейстердің кешігуі немесе тоқтатылуы себебінен елдерінде немесе шетелде қалып қойған. Бірқатар әуе компаниялары ұшулар санын азайтты.
Кейбір елдер үкіметтері әскери әрекеттерге байланысты бір түн ішінде әуежайларын жабуға мәжбүр болды. Мысалы, Сирия жаңа үкімет басшылығында қираған әуежайларын енді ғана қалпына келтіре бастаған еді, сонымен қатар осы күндері дипломатиялық байланыстарды жаңғыртып жатқан болатын. Ал Иракта барлық әуежайлар Иранға жақындығына байланысты жабылды.
БАҚ мәліметінше, Израиль Иранға соққы беру үшін Ирак әуе кеңістігінің бір бөлігін пайдаланған. Сонымен қатар, Иранның пилотсыз ұшатын аппараттары мен қарсы бағытта ұшқан зымырандары Ирак аспанында атып түсірілген.