Ташкенттегі Фотосуреттер үйінде талантты суретші Сардор Нұғмановтың "Қайту" атты жеке көрмесі ашылды.
Көрмеде табиғат, технология және экологияның өзара байланысын көрсететін 50 картина мен 4 тақырыптық инсталляция ұсынылған.
– Көрме өзекті экологиялық мәселелерге назар аударады, – дейді Өзбекстан Экология министрлігінің маманы Зарина Абдуллаева. – Атап айтқанда, ауыз судың жылдан-жылға азаюы мен ластануы, қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсері, урбанизацияның салдары, жаңартылатын энергия көздеріне қажеттілік, технологиялар мен жасанды интеллекттің маңызы сынды тақырыптарға тереңінен үңілген. Бұл көрменің маңыздылығын арттыра түседі.
Көрмеден табиғаттан шабыт алған пейзаждар мен аңызға айналған бейнелер, табиғат пен технология арасындағы тепе-теңдікті бейнелейтін экспозициялар, сондай-ақ таза табиғат пен өмірдің бастауы бейнеленген шығармалар орын алған.

– Мақсатым – қоршаған ортамызбен байланысты экологиялық мәселелерді адамдарға барынша айқын жеткізіп, оларды бірге шешім іздеуге ынталандыру, – дейді Сардор Нұғманов. – Сондықтан мен көрменің картиналарында ғана емес, инсталляцияларда да экологиялық проблемаларды көрсетуді жөн көрдім.
Айта кету керек, бұл көрме адамдарды табиғатқа барынша жауапкершілікпен қарауға шақырады. Онда 2050 жылға қарай әлемде су тапшылығының күрт күшеюі, технологиялардың қоршаған ортаға әсерінің артуы, экологиялық дағдарыстың ушығу ықтималдығы сияқты мәселелерге ерекше мән берілген.
Көрме 23 ақпанға дейін жалғасады.

Көрменің басты ерекшелігі – экологиялық проблемаларды көркем бейнелер арқылы көрсетуі. Суретші өз туындылары арқылы табиғаттың нәзік үйлесімі мен оны қорғаудың маңыздылығын айшықтап, көрермендерді ойлануға, әрекет етуге шақырады. Көрме аясында экологиялық тақырыптағы пікірталастар, шығармашылық шеберлік сабақтары мен интерактивті талқылаулар өткізу жоспарланған, бұл шаралар келушілерге экология мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.