Ташкент қаласында Өзбекстан мен Түркия арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның сегізінші отырысы аясында ауқымды бизнес-форум ұйымдастырылды. Бұл шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету және нақты ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды кезеңге айналды.
Форум мен дөңгелек үстел форматындағы кездесулерге Өзбекстан мен Түркияның іскер топтарынан шамамен 200-ге жуық өкіл қатысты. Делегацияларға Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары, экономика және қаржы министрі Жамшид Қучқоров пен Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмаз жетекшілік етті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау және бұрынғы келісімдердің орындалу барысына назар аудару мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, соңғы бес жыл ішінде Өзбекстанда түрік капиталы қатысқан бірлескен кәсіпорындар саны төрт есеге артып, 1942-ге жетті. Тек 2025 жылдың басынан бері 120 жаңа түрік компаниясы тіркелген.

– Өзбекстанда бизнес ортасының қарқынды дамып жатқанына куәміз, – деді Жевдет Йылмаз. – Ел басшылығы сыртқы әлемге ашықтық, еркін нарыққа шығу, жүйелі реформалар мен заманауи институттарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Форум аясында денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы, көлік, туризм, білім, ғылым және цифрландыру сияқты салаларда кең көлемді келіссөздер жүргізілді.

Нәтижесінде, екі ел арасындағы тауар айналымын қысқа мерзімде 5 миллиард долларға, ал орта мерзімде 10 миллиард долларға дейін жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл мақсаттарға жету үшін преференциялық сауда келісімдерін кеңейту, техникалық стандарттарды жеңілдету және кедергілерді азайту бағытында нақты шаралар қабылданатын болды.