Ташкентте өтіп жатқан «ИННОПРОМ. Орталық Азия» бесінші халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында Өзбекстан – Ресей және Ресей – Өзбекстан кәсіпкерлер кеңесінің оныншы бірлескен отырысы өтті.
Бұл кеңес екі елдің іскер топтары арасында өзара тиімді серіктестік орнату, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесу мақсатында 2005 жылы қос мемлекеттің Сауда-өнеркәсіп палаталары жанынан құрылған болатын.
Отырыста көпқырлы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны, бірлескен инвестициялық жобалар санының тұрақты өсіп отырғаны және ұзақ мерзімді сауда байланыстарының қалыптасып жатқаны ерекше атап өтілді.

Айта кетерлігі, Ресей — Өзбекстанның жетекші сыртқы сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 11,6 миллиард АҚШ долларынан асты.
Жиын барысында кеңестің өткен жылғы жұмысы сараланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар, екі ел кәсіпорындары мен ұйымдары арасындағы саларалық әріптестікті тереңдету мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар электрондық сауда мен ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін тиімді пайдалану, еңбек бөлінісін оңтайландыру және саларалық кооперацияны күшейту қажеттігі айтылды. IT технологияларды енгізу мен цифрлық интеграцияны кеңейту жалпы бизнес ахуалы мен сауда жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны баса айтылды.

Кездесу барысында қатысушылар өңіраралық ынтымақтастыққа да назар аударып, аймақтық деңгейде серіктестікті дамыту, бизнес бастамаларға жедел қолдау көрсету және инвестициялық жобаларды жергілікті деңгейде тиімді іске асыру маңызды екендігін атап өтті.
Іс-шара қорытындысында «РУКОН аудит-кеңес беру серіктестік желісі» қауымдастығы мен «Prima Audit» ұйымы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.