Ташкент қаласында Өзбекстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 26-отырысы өтті.
Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Худжаев және Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуровтың тең төрағалығымен өткен, шараға екі елдің тиісті министрлік және ведомство басшылары қатысты.
Келіссөздер барысында өзара сауда көлемінің айтарлықтай артқаны атап өтілді. Негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық білдірілді. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, оның ішінде фармацевтикалық өнімдер өндірісін жергіліктендіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ауқымын кеңейту, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мәселелері қаралды.

Сонымен қатар сауда және қызмет көрсету саласын дамыту, туризм жобалары, гуманитарлық, ғылым және білім салаларындағы алмасулар, сондай-ақ Өзбекстанда атом электр станциясын салу жобасын іске асырудың маңыздылығы атап көрсетілді.


Отырыс қорытындысында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олар қатарында 2025–2030 жылдарға арналған өңіраралық әріптестік жөніндегі «Жол картасы», 2025–2026 жылдарға жоспарланған Башқұртстан Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, сондай-ақ Ресейдің Шағын және орта бизнес корпорациясы мен Өзбекстанның Жеңіл өнеркәсіпті дамыту агенттігі арасындағы меморандум бар.