Ташкентте үйінде қару жасаған ер адам анықталды
Ташкентте өз үйінде қару жасаған ер адам қолға түсті.
17 қарашада «Қауіпсіз аймақ» профилактикалық іс-шарасы барысында ІІМ Қылмыстық іздестіру департаменті, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және Ташкент қаласы ІІБ қызметкерлері “Арсен” есімді 48 жастағы ер адамның өз үйінде қару жасаумен айналысқанын анықтады.
Ташкент қаласы ІІБ-нің ақпарат қызметінің мәліметіне қарағанда, азаматтың тұрғылықты жерін тінту кезінде револьвер мен тапанша табылып, баллистикалық сараптамаға жіберілді.
Сараптама қорытындысы бойынша азаматтың мінез-құлқына құқықтық баға берілетіні айтылған.
«Азаматтардың осы әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 248-бабында (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сақтау) жауапкершілік қарастырылғанына назар аударуды сұраймыз», - делінген хабарламада.