Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Ташкентте Транскаспий көлік дәлізін дамыту бойынша Инвесторлар форумы өтті
18:23 / 2025-11-28

Ташкентте Транскаспий көлік дәлізі мен өзара байланыс мәселелері бойынша Инвесторлар форумы өтті.

Форумға Еуропалық Одақ, Қара теңіз аймағы және Орталық Азия мемлекеттерінің жауапты өкілдері, сарапшылар мен мамандар қатысты.

Шарада Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Худжаев, ЕО-ның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссары Йозеф Сикела, Кеңейту жөніндегі комиссар Марта Кос және басқалар Транскаспий көлік дәлізі бүгінде Орталық Азия мемлекеттері үшін стратегиялық маңызы жоғары ірі инфрақұрылымдық бастамалардың біріне айналғанын атап өтті. Бұл дәліз Өзбекстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыруда және елді Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды халықаралық көлік хабына айналдыру жолындағы басты бағыт саналады.

Айта кетейік, осынау форум өткен жылдың қаңтарында Брюссельде өткен ЕО мен Орталық Азия арасындағы көлік байланысы жөніндегі алғашқы Инвесторлар форумында басталған ортақ жұмыстың қисынды жалғасы. Оның негізгі мақсаты – Транскаспий көлік дәлізін дамыту аясында ірі инвестициялық бастамаларды жедел алға жылжыту және нақты келісімдер жасасу үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.

Сарапшылардың айтуынша, Транскаспий дәлізі Еуропалық Одақтың аймақтағы «Global Gateway» инвестициялық стратегиясының негізгі бастамаларының бірі саналады. Қазіргі таңда бұл дәліз Қытай, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерін Еуропамен байланыстыратын маңызды бағыт ретінде қарқын алып келеді. 2030 жылға қарай «Орта дәліз» арқылы өтетін жүк көлемі жылына 10–11 миллион тоннаға жетеді деп болжанып отыр.

Көлік министрі Илхам Махкамовтың айтуынша, «Өзбекстан-2030» стартегиясында көрсетілген басым бағыттарының бірі  транзит-логистика әлеуетін күрт арттыруды көздейді.

– Осы мақсатта республика ішінде әрі көршілес елдермен бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінгі талқылаулар ішінде орталық дәлізді тиімді пайдалану мәселесі ерекше маңызға ие. Қазір бұл бағыт Өзбекстан үшін негізгі халықаралық маршрут саналады. Теміржол инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Транссібір бағытымен байланысты күшейту мәселесі де қолға алынған. Бұл қадамдар экономикалық реформалармен үйлесімді өтіп, жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға және өңірлік ықпалдастықты күшейтуге жол ашады.

Өзбекстанның басты мақсаты – транзиттік хаб мәртебесіне ие болып, жүк тасымалдау шығындарын қысқарту, Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағыттарында қуатты логистикалық орталыққа айналу. Көрші елдермен өзара тығыз интеграция орнатып, ортақ әрі тұрақты көлік кеңістігін қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі, – деді И. Махкамов.

Еуропалық одақпен әріптестік шеңберінде инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірнеше келісім жасалды. Сонымен қатар, Каспий теңізі арқылы көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында еуропалық серіктестер тарапынан практикалық қолдау көрсетілуде. Бұл салада бірлескен кәсіпорындар құру және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Форумда тараптардың серіктестігіне де ерекше назар аударылды. 2024 жылы Өзбекстанның Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалдау көлемі тұрақты өсім көрсетіп, 1 миллион тоннадан асқаны, бұл көрсеткіштің 2019 жылмен салыстырғанда бес есе көп.

Францияның көлік министрі Филипп Табаро саланың дамуы үшін әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті.

– Көлік инфрақұрылымы мәселелері бойынша барлық мүдделі елдермен пікір алмасу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Біз Өзбекстанмен теміржол, қалалық транспорт және авиация салалары бойынша жаңа келісімдерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл екі елдің авиация және аэронавигация компаниялары арасындағы кадр даярлау үдерісін жеделдетуге қызмет етеді. Мұның бәрі Францияның Өзбекстанға автономия, дербестік және логистикалық қолдау көрсетуге бағытталған күш-жігерінің бір бөлігі.

Мемлекет басшылары қабылдаған міндеттемелерді іс жүзінде жүзеге асыруымыз қажет. Мұндай қадам шынайы достық пен өзара сенімге негізделген серіктестікті нығайтады, – деді Филипп Табаро.

Форум аясында көлік және логистика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны үйлестіру, инфрақұрылымға инвестициялар тарту және сауда дәліздерін цифрландыру мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті.