Ташкент қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясының 26-отырысы өтті.
Бүгінгі таңда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, реттеуші тәсілдерді үйлестіру және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты тереңдету халықаралық күн тәртібінде өзекті маңызға ие болып отыр. Осыған байланысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдер арасындағы бұл бағыттағы жүйелі ынтымақтастық аймақта орнықты энергетикалық дамуды қамтамасыз етуге қызмет етуде.
Салалық ведомстволардың басшылары, реттеуші органдар мен жетекші мамандар қатысқан іс-шара атом энергетикасы саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибе алмасу және алдағы жоспарларды айқындау үшін маңызды диалог алаңына айналды.

Мамандар атап өткендей, аталған отырыстың Өзбекстанда өтуі Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған энергетикалық саясат пен өңірлік бастамаларға толық сай келеді. Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев ТМД аясында энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, атом энергетикасын заманауи стандарттар негізінде дамыту, бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін тұрақты түрде басым бағыт ретінде айқындап келеді.

Іс-шара барысында комиссия жұмысы шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті реттейтін өкілетті орган басшыларының отырысы өтіп, онда ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұлттық нормативтік-құқықтық базаларды үйлестіру, бақылау және мониторинг жүйелерін жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ комиссия сарапшыларының жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Мамандар бірлескен бастамаларды іске асырудағы техникалық қырларына, төтенше жағдайлар кезінде өзара үйлестіру, ақпарат алмасу және қолдау тетіктерін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Отырыс барысында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған құжаттар да қаралды. Делегациялар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді қолдау және білікті кадрлар даярлау мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Узатом» агенттігінің мәліметіне сәйкес, іс-шара соңында атқарылған жұмыстар бойынша тұжырымдар жасалып, жақын болашаққа арналған ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды. Қабылданған қаулы ТМД елдері арасындағы ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атом энергетикасы саласындағы өзара сенімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатын көздейді.