Ташкентте «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күні өтті
«Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күнінің жалғасы кешке "Шымкенттен – шашу" атты гала-концертімен жалғасын тапты
25-ші қараша! Аптаның алғашқы күні. Қазақ елінің оңтүстігінен таң ата жолға шыққан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған делегация құрамы Ташкент қаласында Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» аясында өтетін шараға келіп жетті.

Әлішер Науаиы атындағы Ұлттық кітапханадан басталған шарада, Қазақстанның оңтүстігінен шыққан композитор Қалдыбек Құрманәлі сөз бастап, Әселхан Қалыбекова, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегман, Бекжан Әшірбаев сынды арқалы ақындары өз өлеңдерін оқып, сатирик Көпен Әмірбек келген қонақтарды күлдіріп, жазушы журналист Сәкен Сыбанбай, Маржан Есжанова, Карима Оралова, Ақмарал Леубаева сынды айтыскер ақындар мен Түркістандық БАҚ өкілдері қатысты.

«Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күнінің жалғасы кешке Өзбек ұлттық акамедиялық драма театрында Шымкент қаласы өнерпаздарының "Шымкенттен – шашу" атты гала-концертімен жалғасын тауып, онда Шымкент қалалық мәдениет үйінің ұлт аспаптар оркестрі, "Қазына", "Шаттық" би ансамбльдерінің дайындаған хореографиялық композициялары және қазақ эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы, Шахизада Байпатшанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков, Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртісі Фаррух Закиров ән сүйер қауымға ұмытылмастай мерекелік көңіл-күй сыйлады.



