Бүгін, 15 маусым Ташкент қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы басталды.
Ташкенттегі ШЫҰ аймақтық лаңкестікке қарсы бірлестігінде гибридті түрде өтіп жатқан жиынға барлық мүше мемлекеттер мен Ұйым хатшылығының өкілдері қатысуда.

Өзбекстанның төрағалығымен өтіп жатқан жиын күн тәртібінде әдеттегідей бірқатар маңызды да өзекті мәселелер көтерілді.
Делегация өкілдері алдымен 2022 жылғы 15-16 қыркүйекте Самарқандта өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына дайындық мәселелерін талқылады.
Төрт күнге созылатын шара барысында қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) отырысына дайындық барысын да саралайтын болады. Бұл үдерісте СІМК бағдарламасы, ШЫҰ хатшылығының есебі және талқыланатын құжаттар тізімі қарастырылады.

Конференция 17 маусымда Орталық Азия халықаралық институтында өтетін ШЫҰ Хартиясының 20 жылдығына арналған халықаралық конференциямен аяқталады.

Ғайрат ХАННАЗАРОВ