28-29 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
Dunyo ақпарат агенттігінің дерегінше, іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрліктерінің басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы мен МАТТ Атқару комитетінің директоры қатысады.
Отырыста 2022 жыл 15-16 қыркүйекте Самарқандта өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, ШЫҰ-ның келесі саммитіне маңызды құжаттар топтамасы бекітіледі деп күтілуде.
Олар қатарында Өзбекстан тарапының бастамасымен әзірленген Ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың кешенді жоспары, өзара тәуелділікті дамыту және тиімді көлік дәліздерін құру жөніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасы, іскер топтар арасындағы өндірістік кооперацияны ілгерілету бағдарламасы, «ШЫҰ ізгі ниет елшісі» құрметті атағы туралы ереже қарастырылған.
ШЫҰ-ға мүше мемлекет, бақылаушы мемлекет және ШЫҰ диалогы бойынша әріптес мәртебесін алуға өтініштер қаралатын болады.
Сондай-ақ министрлер ШЫҰ қызметінің әртүрлі салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін және оны дамыту және халықаралық серіктестермен институционалдық байланыстарды кеңейту перспективаларын талқылайды.