Ташкент қаласындағы «Анхор Локомотив» саябағында «Өзбекстан – Қытай: XIV Шыңжаң өнімдері көрмесінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көрме Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасы мен ҚХР Халықаралық сауданы дамыту кеңесінің Шыңжаң өкілдігі бірлесе ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, шағын және орта бизнес өкілдеріне Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында өндірілген өнімдер, технологиялар мен жабдықтармен жақынырақ танысуға мүмкіндік жасау, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасында тікелей әріптестік байланыстар орнату.

Көрме аясында агроөнеркәсіп, тұрмыстық техника, ақпараттық технологиялар, консалтинг, медицина өнеркәсібі, азық-түлік және сусындар, шай өндірісі, құрылыс, тоқыма және химия өнеркәсібі, логистика және энергетика салаларындағы қытайлық компаниялардың стендтері ұсынылуда.
Қатысушылар арасында «Bingtian Intelligent Technology», «Xinjiang Poplar Cable Manufacturing», «Xinjiang Oulite Wire Mesh» сияқты ірі өндіруші компаниялар да бар.
Ашылу салтанаты аясында бірқатар келісімдерге қол жеткізіліп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қою бойынша келіссөздер өтті.
Көрме 23 қазанға дейін жалғасады.