Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері арнайы қызмет басшыларының алғашқы кездесуі өтті.
Бұл шара Өзбекстан Республикасының Орталық Азия елдері басшыларының VII Консультативтік кездесуіндегі төрағалығы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында қатысушыларға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің құттықтау хаты оқылды. Онда Орталық Азия елдерінің арнайы қызметтері арасындағы диалог өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ортақ ұстанымдар мен тиімді тетіктерді әзірлеуге қызмет етуі тиіс екені атап өтілді.
Кездесу барысында өңір елдері қауіпсіздігіне төнетін қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге баға берудің ортақ тәсілдерін әзірлеу және оларды жою жолында арнайы қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелеріне басты назар аударылды.
Тараптар өңірлік қауіпсіздік, терроризм, экстремизм, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына қарсы күрес, трансұлттық қылмыс, ақпараттық және киберқауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелерді және өзара тиімді басқа да ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Аталған шара Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болып, аймағымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында арнайы қызмет басшыларының тұрақты кездесулеріне негіз қалады.