Spanish
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Ташкентте Орталық Азия елдерінің жетекші әйелдері қатысқан диалог өтті
12:03 / 2025-11-13

Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің жетекші әйелдері диалогының отырысы өтті. Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттері басшылары мен ресми делегация өкілдері қатысты.

Өзбекстан Сенаты Тоөрағасы Танзила Нарбаева басқарған бұл беделді жиында 2020 жылы құрылған Орталық Азия жетекші әйелдері диалогы – гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын кеңейту бағытында тәжірибе алмасуға, тәсілдерді үйлестіруге және ортақ бастамалар әзірлеуге арналған тиімді платформаға айналғаны атап өтілді.

– Президент Шавкат Мирзиёев атап өткендей, әйелдердің белсенді қатысуынсыз әділ және өркендеген қоғам құру мүмкін емес, – деді Танзила Нарбаева. – Сенімдімін, өңірдегі өзге Мемлекет басшылары да әйелдердің ел дамуы мен мемлекеттік басқарудағы рөліне зор мән береді. Биыл Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасының 30 жылдығы, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» жөніндегі қарарының 25 жылдығы атап өтіледі. Бұл құжаттар жай ғана декларация емес, іс-қимылға арналған нақты бағдар. Мақтанышпен айтуға болады Өзбекстандағы реформалар осы маңызды халықаралық құжаттардың рухын толық бейнелейді.

Аталған жаһандық құжаттарды өмірге енгізу бойынша Өзбекстанда бірегей тәжірибе қалыптасты. Мықты институционалдық және құқықтық негіз жасалды. Соңғы сегіз жылда елде әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған 110-ға жуық заң және нормативтік-құқықтық акт қабылданды. 2030 жылға дейінгі гендерлік теңдікке қол жеткізу стратегиясы жүзеге асырылуда. Құқықтық тәжірибеге барлық нормативтік актілердің гендерлік бағалауы, гендерлік аудит, гендерлік бюджет және гендерлік статистика сияқты озық құралдар енгізілді.

Бұл тетіктер мемлекеттік саясаттың әйелдер мен ерлердің жағдайына әсерін жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік берді. Гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге кешенді көзқарас іс жүзінде жүзеге асырылуда.

Жиында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі К.Имнадзе, БҰҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Г.Сон, Қазақстан Мәжіліс төрағасының орынбасары Д.Еспаева, Қырғыз Жогорку Кенеші төрағасының орынбасары Ж.Садирбаева, Тәжікстан Мәжіліс Намояндагон төрағасының орынбасары М.Муини, Түркіменстан Мәжіліс комитетінің төрағасы Б.Мирадова және БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты үйлестірушісі С.Махл Орталық Азия аймағының әлемдік саяси сахнадағы рөлі артып келе жатқанына назар аударды. Жетекші әйелдердің өзара ынтымақтастығы арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, халық мүддесін қорғау және әйелдердің құқықтарын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны атап өтілді.

Отырыстың басты мақсаты Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасының негізгі қағидаттарын жүзеге асыруда өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту.

Бұл халықаралық құжаттар әйелдердің саясаттағы қатысуы, экономикалық дербестігі, білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне тең қолжетімділігі, гендерлік зорлық-зомбылықты жою және экологиялық әрі климаттық саясаттағы әйелдердің рөлін күшейту секілді 12 маңызды бағытты қамтиды.

Диалог аясында бес сессия өтті. Отырыстың қорытындысында парламентаралық бастамалар шеңберінде алдағы іс-қимылдар мен ынтымақтастықтың негізін қалайтындай қорытынды құжат қабылданады.